Денсаулық нығметі
Расында, адам баласы өз бойындағы нығметтерге бір сәт үңілсе, Аллаһ Тағала оларды санап тауысу мүмкін болмайтын дәрежеде бергенін аңғарады. Құран-Кәрімде Раббымыз былай деген:
﴿وَإِن تَعُدُّوا۟ نِعۡمَةَ ٱللَّهِ لَا تُحۡصُوهَا﴾
«Егер Аллаһтың нығметтерін есептесеңдер, санына жете алмайсыңдар» [1],
﴿وَأَسۡبَغَ عَلَیۡكُمۡ نِعَمَهُۥ ظَـٰهِرَةࣰ وَبَاطِنَةࣰۗ﴾
«Ол сендерге жария да, жасырын да нығметтерін молынан берді» [2].
Міне, осындай шексіз нығметтердің ішіндегі ең асылының бірі — денсаулық нығметі. Аллаһ Елшісі ﷺ бұл нығметтің қадірі өте жоғары екенін былай айтып өткен:
«Тақуалы жан үшін байлықтың өзі айып емес. Алайда тақуалы адамға денсаулық — байлықтан да қайырлы. Ал көңілдің тоқ, жанның жайлы болуы — Аллаһтың нығметтерінен» [3].
Денсаулық — сау адамның басына кигізілген тәж секілді: оның құнын көбіне тек дертке шалдыққан жан ғана терең сезінеді. Сондықтан арамызда ұзақ уақыт бойы деннің саулығына үйреніп, осы ұлы нығмет үшін Аллаһқа лайықты түрде шүкір етпей, тіпті оны бар деп сезінбей қалатын пенделер де аз емес.
Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:
«Екі нығмет бар: адамдардың көбі ол екеуінің қадірін толық аңғармай, пайдасыз істерге жұмсап, ақырында зиян көруде. Олар – денсаулық пен бос уақыт» .[4]
Ақиқатында, адам баласы бір сырқатқа шалдыққанда, оған тіршіліктің шырағы солғын тартады: кешегі жеңіл көрінген істер ауырлап, бұрынғыдай толық атқару қиынға соғады. Көңіл жүдеп, жан қиналады. Сонда ғана адам денсаулықтың — өмірдің сәні ғана емес, тіршіліктің тұтқасы екенін шынайы ұғады. Тіпті байлыққа көмілгендердің өздері де дені сау жандарға қызыға қарайды.
Атақты жас сахабалардың бірі Қабиса ибн Зуәйб (87 һ.ж.; Аллаһ одан разы болсын) былай дейді:
«Біз халифа Абдуль-Мәлик ибн Мәруән өлім аузында жатқан кезінде бөлменің ар жағынан: “Ей, амандық иелері (сырқатқа шалдықпаған жандар)! Осы нығметтің ешбірін де аз санап, кемсітуші болмаңдар!” — деп үн қатқанын еститін едік. Бұл сөз тіпті сарайдың сыртынан да естілетін еді» [5].
Сондықтан да Пайғамбармыз ﷺ:
«Кімде-кім таңын өз отбасы, үйі, елінде қауіпсіз, дені сау, бір күндік несібесі бар күйде қарсы алса, оған бүкіл дүние берілгендей саналады», — деген [6].
Сол үшін де Қазақта «Адамның [иманынан кейінгі] ең басты байлығы – денсаулық» деп бекер айтылмаған.
_________________
[1] Нахл сүресі,18-аят
[2] Луқман сүресі, 20-аят
[3] Убәйд ибн Муәзден (Аллаһ одан разы болсын): Ибн Мәжә 2141, Ахмад 23628
[4] Абдулла ибн Аббастан (Аллаһ әкесі екеуінен разы болсын): Бухари 6412
[5] Әбул-Хасан Мәдәини «التعازي» кітабы, 96-бет
[6] Убәйдулла ибн Михсаннан (Аллаһ одан разы болсын): Тирмизи 2346, Ибн Мәжә 4141