🎙Қазақстан футбол федерациясының VAR жобасының жетекшісі Никита Утробин ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында биылғы маусымнан бастап Қазақстан Премьер-лигасы матчтарында қолданылып жатқан жаңа Hawk-Eye жүйесі туралы айтып берді.
– Биыл Қазақстан футбол федерациясы бейнеассистент-төрешілерге арналған жаңа жүйені Hawk-Eye Innovations компаниясынан сатып алды. Бұл жоба FIFA-ның FIFA Forward бағдарламасы аясында қаржыландырылды.
2022 жылдан бері Қазақстан Премьер-лигасында VAR жүйесі қолданылып келеді. Биыл біз оны жаңғырту туралы шешім қабылдадық. Енді төрешілер ең заманауи технологияларды пайдалана алады.
Айта кету керек, қазіргі таңда нарықта VAR қызметін ұсынуға FIFA сертификатынан өткен 14 компания бар. Біз бәрімен келіссөз жүргізіп, ұсыныстарын қарастырдық. Нәтижесінде Hawk-Eye компаниясын таңдадық. Бұл – әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі: компания UEFA және FIFA-мен серіктесіп жұмыс істейді, сондай-ақ әлем және Еуропа чемпионаттары, Чемпиондар лигасы мен жетекші еуропалық біріншіліктер сияқты ірі турнирлерді технологиялық тұрғыда қамтамасыз етеді.
– Жаңа жүйенің бұрынғыдан қандай айырмашылығы бар?
– Hawk-Eye жүйесін енгізу – қазақстандық төрешілік үшін үлкен қадам. Заманауи технологиялар төрешілерге қазіргі нарықтағы ең үздік құралдарды пайдалануға мүмкіндік береді.
Бастапқыда жүйені 2026 жылғы маусымның басынан іске қосуды жоспарлаған едік. Алайда жабдық Ұлыбританиядан тікелей жеткізіліп, логистикалық қиындықтар туындады. Соның салдарынан іске қосу жұмыстары Премьер-лиганың 4-турына қалдырылды.
Функционал тұрғысынан жүйе бірқатар маңызды жаңартуға ие болды. Атап айтқанда, өңделетін бейнесигналдар саны артты, яғни камералар саны көбейді.
Қазақстанда алғаш рет Virtual Offside Line технологиясы енгізілді – офсайд сызықтары арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы жоғары дәлдікпен салынады. Сонымен қатар VAR-симулятор пайда болды, ол нақты матчтар негізінде ойын жағдайларын модельдеуге және төрешілердің дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ резервтік шешімдерге ерекше назар аударылды: VAR бөлмелерінде қосымша компьютерлер орнатылған, бас төреші қайталауларды қарайтын аймақта (Referee Review Area) қосалқы мониторлар бар, сондай-ақ жүйенің қосымша компоненттері қарастырылған. Бұл ықтимал техникалық ақаулар кезінде де жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
– Жабдықты орнату және мамандар мен төрешілерді оқыту қалай өтті?
– Жабдықтарды орнату Hawk-Eye мамандарының бақылауымен жүзеге асырылды. Олар аймақтарға барып, монтаждау, баптау жұмыстарын жүргізіп, жергілікті мамандарды жаңа жүйемен жұмыс істеуге үйретуде.
Төрешілер ақпанда Түркияда өткен оқу-жаттығу жиындары кезінде толық оқу курсынан өтті. Бұл үшін компания арнайы мобильді VAR-орталық ұсынды.
Ал VAR операторлары 30 наурыз бен 3 сәуір аралығында ҚФФ кеңсесінде VAR-симуляторда оқытылды. Оларға да компания мамандары қолдау көрсетті. Бұл оқу өте маңызды болды, себебі жаңа жүйе функционал және басқару принциптері бойынша алдыңғысынан айтарлықтай ерекшеленеді.
– Қазақстанда VAR жүйесін дамыту бойынша алдағы жоспарлар қандай?
– Жаңа жеткізуші ұсынатын мүмкіндіктердің бірі – бірыңғай VAR-орталық құру. Мұндай жағдайда әр стадионға толық жабдық орнатпай, тек серверлер қалдырып, барлық процесті бір орталықтан басқаруға болады.
Бұл тәжірибе Англия, Германия, Италия елдерінде, УЕФА ұйымдастыратын еурокубоктарда, сондай-ақ АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатында қолданылады.
Аумағы үлкен елдер үшін бұл – тиімді шешім, себебі логистикалық қиындықтарды азайтады. Біз Аргентина және Австралиядағы әріптестерімізбен кеңесіп үлгердік, ол жақта мұндай жүйелер ұқсас жағдайларда жұмыс істейді.
Алайда осындай жобаны жүзеге асыру үшін тұрақты жоғары жылдамдықтағы интернет пен резервтік байланыс арналары қажет. Сондықтан қазіргі таңда бұл мәселе зерделеу кезеңінде.
#KFF