🔹7️⃣-БАП. ТӘУЕКЕЛ
📌Ал мүміндер мүшріктердің жер қайысқан қолын көргенде: «Міне, бұл - Алла мен Елшісінің бізге уәде еткен нәрсесі. Алла да, Оның Елшісі де әрдайым рас айтады», - деді. Бұл олардың иманы мен мұсылмандығын одан сайын күшейте түсті»
(«Ахзаб» сүресі, 22-аят).
📌«Ел-жұрт оларға: «Дұшпандарың сендерге қарсы қол жинады, ендеше, олардан қорқыңдар», - дегенде, бұл хабар олардың иманын одан сайын арттыра түсті. Сонда олар: «Бізге бір Алла жетеді, Ол қандай керемет қамқоршы!» - деп жауап берді. Сөйтіп, олар Алланың нығметі мен шексіз шарапатына бөленіп, ешбір жамандыққа ұшырамай аман - есен оралды. Олар Алланың разылығын басшылыққа алды. Алла - шексіз шарапат, зор игілік иесі»
(«Әли Имран» сүресі, 173, 174-аят)
📌«Еш өлмейтін, мәңгі тірі Аллаға тәуекел ет!...»
(«Фурқан» сүресі, 58-аят)
📌«Мүміндер тек қана Аллаға тәуекел етсін»
(«Ибраһим» сүресі, 11-аят).
📌«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет!»
(«Әли Имран»сүресі, 159-аят).
📌«...Кім Аллаға тәуекел етсе, оған Ол жеткілікті!...»
(«Талақ» сүресі, 3-аят).
📌«Асылында, нағыз мүміндер Алланың аты еске алынғанда, жүрегі толқиды, аяттары оқылғанда, иманы артады әрі олар Раббысына барынша тәуекел етеді»
(«Әнфәл» сүресі, 2-аят).
🔹🔹🔹
♦️7️⃣4️⃣-ХАДИС:
Ибн Аббас (р.а.): Алла Елшісі ﷺ: «Маған (өткен пайғамбарлар мен олардың) үмбеттері көрсетілді. Бір пайғамбарды көрдім, жанында саусақтың санына да толмайтын бірнеше адам бар. Тағы бір пайғамбардың қасында бір-екі серігі ғана қараяды. Енді бір пайғамбардың соңынан ерген бірде-бір тірі жан жоқ. Кенет көз ұшында қарасы көп топ көрінді. Мен оларды өзімнің үмбетім екен деп қалдым. Сонда маған: «Бұл - Мұса мен оның үмбеті. Сен анау көкжиекке қара», - деген дауыстан айтылған жаққа көз тастағанымда, қалың нөпір көрінді. Сөйткенше маған: «Енді келесі көкжиекке қара», - делінді. Ол жақтан да сондай қалың шоғырды көзім шалды.
Сонда маған: «Міне, бұлардың барлығы - сенің үмбетің. Олардың ішінде есепке тартылмастан, азап шекпестен тікелей жұмаққа кіретін жетпіс мың адам бар» деп айтылды», - деді де, орнынан тұрып, үйіне кіріп кетті. Сол-ақ екен, сахабалар әлгі есепке, азапқа тартылмастан жұмаққа кіретіндердің кімдер екені жайлы әңгіме қозғай бастады. Кейбіреулер: «Мүмкін, олар Алла Елшісінің ﷺ сахабалары шығар», - десе, енді біреулер: «Бәлкім, олар туғаннан Исламның аясында өмір кешіп, еш уақытта Аллаға серік қоспағандар болар», - десті. Бұған қоса, басқа да түрлі пікірлер айтқандар болды. Олар осылайша қызу әңгіме үстінде отырғанда, Расулалла ﷺ үйінен шығып, олардан: «Не жайлы әңгімелесіп отырсыңдар?» - деп сұрады. Сахабалар оған өздерінің қозғап отырған тақырыбы жайлы айтқанда, Расулалла: «Олар үшкіріп дуа оқымайтындар мен оқытпайтындар, ырым-жоралғыға сенбейтіндер және тек қана Раббыларына тәуекел ететіндер», - деп айтты. Сол кезде Уккаша ибн Михсан атты сахаба орнынан қарғып тұрып: «Уа, Расулалла! Менің де солардың ішінде болуым үшін Аллаға дұға етіңіз», - деді. Сонда Алла Елшісі ﷺ: «Сен солардың ішінде боласың», - деді. Мұны естігенде тағы бір сахаба орнынан тұрып: «Уа, Расулалла! ﷺ Аллаға мені де солармен бірге қылуы үшін дұға етіңіз», - деді. Алла Елшісі ﷺ оған: «Бұл мүмкіндікті Уккаша сенен бұрын пайдаланып қойды», - деп айтты», - деген.
(Бұхари: 5705; Муслим: 527; Ахмад: 2448).
📚 РИЯДУС-САЛИХИН