Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.
Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.
Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды...
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,
Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?
Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер.
Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,
Рухани мүдде шыңы – шындық үшін
күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан...
...Шындығы жоқ пенделерді басар уақыт көшкіні.
Даңққа мойын созғанымен,
Том-том өлең жазғанымен,
Шындығы өлген ақындардың ақын емес ешбірі!
Шындығы өлген мінезсіздік болмақ кімнің мақтаны?
Қазір барлық салаларды мінезсіздер қаптады.
Басшыларға жағымпаздық бұл кезеңде дара күш,
Содан ақынсымақтардың көбі «туфли жалағыш»...
Шыншыл ақын болу деген – азаптың ең азабы,
Сол азапқа төзе білу – ғажаптың ең ғажабы...
Ақындық күш – айтылмаған ой-сезімдер жиыны,
Ол биіктен бой көрсету – қиынның ең қиыны!
Басты мақсат – өз халқыңның сан ғасырлық ағысын,
Жеңісі мен жеңілісін, тілін, рухын, намысын,
Жүрегіңнің санасынан, елегінен өткізу,
Және оның қасіретін,
Ұлтқа, тілге бас иетін,
Қалың елге жырмен, іспен, мінезіңмен жеткізу.
Жеткізе алмай дірілдесең... ол – шошыну, тосылу,
Үркектердің, қорқақтардың қатарына қосылу.
Ондайлардың маңдайына мәңгілікке сор қатқан
Ешқашанда шыншыл ақын шыққан емес қорқақтан!
Ақынға егер сөзіне сай шындық парқы қонбаса,
Одан үлкен өріс күту, жеңіс күту далбаса...
Кейде ұқсап көрінгенмен заңғарға,
Сөзі басқа, ісі басқа, екіжүзді жандарға,
Батыл, қарсы бағыт ұстау – әділ өмір талабы.
Пенделікпен тірескен жан,
Шындық үшін күрескен жан,
Сол шындықтың айбыны мен беделі боп қалады!
* * *
Шындық кейде қалың «арпа ішіндегі бір бидай»,
Неге әділдік күресінде жұрттың көбі «Тымпибай?»
Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай,
Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбикүл мен Жырбибай.
Мұхтар ШАХАНОВ