💥 Алматы сотында атышулы адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айыру мәселесі қаралып жатыр
Сотқа жүгінуге Ішкі істер органдарының ұсынысы негіз болған. Аталған талап-арыз адвокаттың кәсіби қызметіне, сондай-ақ қолданыстағы заңнама мен Кәсіби этика кодексінің талаптарын сақтауына берілетін бағамен байланысты, деп хабарлайды http://Dalanews.kz/
Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Қанат Базарбаевтың айтуынша, ведомствоның ұстанымы адвокаттың әрекеттеріне қатысты нақты деректер мен құқықтық бағаға сүйене отырып қалыптастырылған.
«Алдымен атап өткім келетіні, Әділет департаментінің сотқа берген талабы тек адвокаттың кәсіби мінез-құлқына және оның заңнама мен Кәсіби этика кодексінің талаптарын сақтамауына қатысты. Талап-арызды беруге Ішкі істер органдарының ұсынысы негіз болды», – деді Қанат Базарбаев.
Оның айтуынша, бұл істе шешуші мәнге 2025 жылғы 1 желтоқсанда Алматы қаласында жүргізілген санкцияланған тергеу әрекеттері ие. Дәл сол күні адвокаттың өзін ұстауы, сондай-ақ одан кейін қоғамдық кеңістіктегі әрекеттері құқықтық бағалаудың нысанына айналған.
«2025 жылғы 1 желтоқсанда түскі уақытта санкцияланған тінту жүргізіле бастады. Ал шамамен бір сағаттан кейін, түске таман, нақтырақ айтқанда сағат 12:50-де кеңсеге адвокат М. Адам келді. Ол тергеу әрекеттеріне қатысуға жіберуді талап етті. Алайда маңызды жайт – ол өзінің қорғаушы мәртебесін растайтын ешқандай құжат ұсынған жоқ. Яғни сол сәтте М. Адам іс жүзінде процесс қатысушысы болмағанын түсіну қажет», – деп түсіндірді Қанат Базарбаев.
Алматы қаласының Әділет департаментінде адвокаттың процессуалдық мәртебесі болмаған жағдайда оның тергеу әрекеттеріне қатысуға құқығы жоқ екеніне назар аударды. Алайда бұл жайт сол күні-ақ оның қоғамдық кеңістікте белсенді түрде мәлімдеме жасауына кедергі келтірмеген.
«Сол күні сәл кейінірек, шамамен сағат 14:30-да, ол әлеуметтік желілерде (Facebook, YouTube, Instagram) 16 жарияланым таратып үлгерді. Ол жазбаларында қорғауындағы адамның құқықтары бұзылды деп көрсетіп, іске жіберілмегенін және тергеу тарапынан заңсыз әрекеттер болды деп мәлімдеді. Мұны өзі қоғамды жаңылыстырып, деректерді бұрмалап отырғанын анық біле тұра жасаған. Мұның барлығы тиісті хабарлама алынғанға дейін болған», – дейді Қанат Базарбаев.
Ведомстводан мәлімдегендей, кейін сот актісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының әрекеттерінің заңдылығы расталған. Алайда соған қарамастан, әлеуметтік желілердегі жарияланымдар шығару жалғаса берген.
«2025 жылғы 10 желтоқсанда Алматы қаласының тергеу соты тергеу әрекеттерін заңды деп танып, шағымды қанағаттандырмағанына қарамастан, адвокат М. Адам әлеуметтік желілерде жалған жарияланымдар жасауды жалғастырды. Бұл жазбалар рұқсат етілген құқықтық қорғау шегінен шығып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары мен сотқа қысым көрсету ретінде бағалануы мүмкін. Аталған деректер ведомствоаралық тергеу-жедел тобының материалдарымен расталады», – деп атап өтті Базарбаев.
Алматы қаласының Әділет департаментінде ведомствоның әрекеттері тек құқықтық сипатта екенін және адвокатура институтының өзіне қарсы бағытталмағанын атап өтті.